Бүгін Азаматтық авиация академиясының ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығында «Мінез-құлық сипаттамаларын анықтау» атты халықаралық курс өз жұмысын бастады. Оқытуға Қазақстан, Беларусь, Молдова және Әзірбайжаннан 16 маман қатысуда.
Курс 5 күнге созылады, оны ИКАО-ның сертификатталған нұсқаушылары Галина Усова мен Станислав Неверов жүргізеді. Курсты аша отырып, Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Әбірбекұлы Мәмеков авиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті және қатысушыларға сәтті әрі нәтижелі жұмыс тіледі.
Курстың мақсаты — авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандарын және авиациялық қауіпсіздік шараларын іске асыруға жауапты қызметкерлерді азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау деңгейін арттыру мақсатында мінез-құлық белгілерін анықтау әдістеріне үйрету.
Тренинг бағдарламасы шеңберінде қатысушылар ашық және жасырын бақылау әдістерін, мінез-құлық индикаторларын анықтауды, профайлингті ұйымдастыру мен бақылауды, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудин практикалық аспектілерін зерттейді.
Курс азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне, авиакәсіпорындардың авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылары мен персоналына, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік шараларын іске асыруға жауапты тұлғаларға арналған.
Курстың халықаралық форматы тәжірибе алмасуға және авиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.