2026 жылғы 12 ақпанда Азаматтық авиация академиясында Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Мишель Еркинмен кездесу өтті. Іс-шара Aviation Diplomacy: Navigation of Partnerships жобасы аясында ұйымдастырылып, Академияның өңірдегі жетекші салалық авиациялық жоғары оқу орны ретіндегі халықаралық мәртебесін нығайтудағы маңызды қадам болды.
Кездесу барысында Академияның ICAO талаптары мен халықаралық тәжірибеге сәйкес авиациялық мамандар даярлайтын базалық орталық ретіндегі әлеуеті таныстырылды. Авиациялық білім берудің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, халықаралық әуе тасымалдарының тұрақтылығын арттырудағы және кәсіби стандарттарды дамытудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының университеттерімен академиялық ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде бірлескен білім беру бастамалары, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және ғылыми өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Халықаралық алмасу бағдарламаларын қолдау Академияның студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы үшін қосымша мүмкіндіктер ашып, заманауи білім беру тәсілдеріне, зерттеу жобаларына және кәсіби желілерге қол жеткізуге жол ашады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі тереңдетуге және институционалдық өзара іс-қимылдың тұрақты тетіктерін дамытуға өзара мүдделілік танытты.