Іс-шараға Мұхит Мұхатұлының туыстары мен балалары, азаматтық авиация ардагерлері, сондай-ақ Академияның профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Атаулы кабинеттің ашылуына «Asia Freight» ЖШС демеушілік көрсетті.
Мұхит Мұхатұлы Құбаев Ақтөбе облысы Ырғыз ауылында дүниеге келген.
1979 жылы Ақтөбе жоғары азаматтық авиация ұшқыштар училищесін (АВЛУГА) инженер-ұшқыш мамандығы бойынша тәмамдаған. Ұшу қызметі барысында әлемнің 30-дан астам еліне рейстер орындаған.
Ол азаматтық авиация саласында ұшқыш құрамынан бастап жоғары басшылық қызметтерге дейінгі еңбек жолынан өтті. Әр жылдары бесінші ұшу отрядының командирі, әуе компаниясының вице-президенті, әуежайлар басшысы қызметтерін атқарып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.
Мұхит Мұхатұлы Құбаев жоғары білікті кәсіби маман, тәжірибелі басшы әрі тәлімгер ретінде танылды. Ол еліміздің азаматтық авиациясын дамытуға елеулі үлес қосты. Оны жауапкершілігі, принципшілдігі, авиация ісін терең меңгеруі және адамдарға деген құрметі ерекшелендірді. Әріптестері мен шәкірттері оны ар-намысы биік, кәсібіне адал, авиацияның болашағына шын жүректен алаңдаған тұлға ретінде еске алады.
Атаулы кабинеттің ашылуы — Мұхит Мұхатұлы Құбаевтың сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрмет әрі болашақ авиатолқынға үлгі боларлық тағылым.