
Азаматтық авиация академиясында Air Astana әуе компаниясының өкілдерімен инженерлік мамандықтар бойынша студенттердің тәжірибелік дайындығы жөнінде жиын өтті. Басқосудың басты мақсаты – Академия мен авиакомпания арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтіп, әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсету мамандарын Қазақстан Республикасы және Еуропалық авиация агенттігі – EASA талаптарына сәйкес даярлау.
Ынтымақтастықтың мақсаты – студенттердің нақты кәсіби ортаға барынша бейімделуін қамтамасыз ету, оқу үдерісін әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсету маманы куәлігін алу мүмкіндігіне жол ашатындай етіп ұйымдастыру. Жоспар бойынша практикалық сабақтар Air Astana базасында Академияның оқу жоспары мен авиакомпанияның өндірістік кестесіне сәйкес өткізілетін болады.
Кездесу Air Astana әуе компаниясының Техникалық қызмет көрсету директоры Андрей Олия, Авиациялық оқу орталығы мен HR департаментінің қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Академия тарапынан академиялық қызмет жөніндегі проректор К. Жакупов, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Джон Уэйнрайт, "Авиациялық техника және технологиялар" кафедрасының меңгерушісі А. Битенов ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Азаматтық авиация академиясы мен Air Astana арасындағы ынтымақтастық – әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсету саласында мансап құруды қалайтын студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.