2024 жылдың тамыз айының 15-і күні Азаматтық Авиация Академиясының профессоры, ф.ғ.к, Гүлназ Қажымұратқызы Тулекова ҚР Ғж ЖБМ ҒК-ның «Жас ғалым» бағдарламасының гранттық қаржыландыруы бойынша ЖТН АР 13268774 «Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласына мемлекеттік тілді енгізудің тиімділіктерін жоғарлату әдістемесін талдау және лингвистикалық мәселелерді зерттеу» атты ғылыми жоба аясында Астана қаласында “Қазаэронавигация” Республикалық Мемлекеттік кәсіпорынның мамандарымен семинар өткізді. Семинар барысында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының «Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезіндегі радиобайланыс» ережесінің 30-бабының 6-тармағында көрсетілген «Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысының қазақ, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде жүзеге асырылуына» байланысты ережедегі радиобайланыстың қазақ тілінде қолданылмау мәселесі талқыланды. Аталған іс-шараға аталған кәсіпорынның ӘДО (әуеайлақтық диспетчерлік орталық) диспетчері Мейірбек Абдуллин, АДО (аудандық диспетчерлік орталық) диспетчері Бек Абжанов, ӘҚ ЖБО ауысым бастығы Асан Оразбаев, «Мемлекеттік тіл» бөлімінің мамандары - Ирина Чипатайқызы Тұяқбаева, Ақзира Тұрарқызы Балмағанбетова қатысып, аталған тақырып аясындағы маңызды мәселелерге тоқталып, ой бөлісті. Қазіргі таңда радиобайланыстың қазақ тіліндегі нұсқасының жасалмағаны, егер радиобайланыстың қазақ тіліндегі нұсқаулығы жасалса, тәжірбиеде қолдануға болатындығы айтылды. Пікір алмасу барысында радиотелефон байланысының қазақ тілінде болуы үшін пилоттық жоба жасалу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, радиоалмасу фразеологиясының қазақ тіліндегі терминдер жүйесінің, стандартты қолданыстағы радиобайланыстың қазақ тіліндегі нұсқасының жасалу керектігін алға тартты. Болашақта мұндай игі бастамалар жасау үшін тіл мамандары мен авиация саласындағы мамандардың бірлесіп жұмыс жасауы қажет екендігін атап өтті. Семинар жоғары дәрежеде өтілді.