2024 жылдың тамыз айының 14-і күні Азаматтық Авиация Академиясының профессоры, ф.ғ.к, Гүлназ Қажымұратқызы Тулекова ҚР Ғж ЖБМ ҒК-ның «Жас ғалым» бағдарламасының гранттық қаржыландыруы бойынша ЖТН АР 13268774 «Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласына мемлекеттік тілді енгізудің тиімділіктерін жоғарлату әдістемесін талдау және лингвистикалық мәселелерді зерттеу» атты ғылыми жоба аясында Шымкент қаласында “Қазаэронавигация” Республикалық Мемлекеттік кәсіпорынның «Оңтүстік Қазақстан әуе қозғалысын ұйымдастыру өңірлік орталығы» филиалы мамандарымен семинар өткізді. Семинар барысында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының «Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезіндегі радиобайланыс» ережесінің 30-бабының 6-тармағында көрсетілген «Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысының қазақ, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде жүзеге асырылуына» байланысты ережедегі радиобайланыстың қазақ тілінде қолданылмау мәселесі талқыланды. Аталған іс-шараға “Қазаэронавигация” Республикалық Мемлекеттік кәсіпорынның “Оңтүстік Қазақстан ӘҚҰ ӨО” филиалының директоры Есимов Бекжан Мейірбекұлы, аға диспетчер Абишев Нұржан Шілдебайұлы, диспетчер-нұсқаушы Иманбетов Самат Мадуарбекұлы, әуе диспетчер Ділдабай Олжас Серкебайұлы қатысып, аталған тақырып аясындағы маңызды мәселелерге тоқталып, ой бөлісті. Пікір алмасу барысында радиотелефон байланысының қазақ тілінде болуы үшін радиоалмасу фразеологиясының қазақ тіліндегі терминдер жүйесінің, стандартты қолданыстағы радиобайланыстың қазақ тіліндегі нұсқасының жасалу керектігін алға тартты. Болашақта мұндай игі бастамалар жасау үшін тіл мамандары мен авиация саласындағы мамандардың бірлесіп жұмыс жасауы қажет екендігін атап өтті. Семинар жоғары дәрежеде өтілді.