
Жақында өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында әуе саласын дамыту және цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Маңызды шешімдердің қатарында әуежайларды жаңғырту шаралары, цифрлық технологияларды енгізу, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ авиациялық білім беруді дамыту мәселелері қарастырылды.
Азаматтық авиация академиясы білікті авиация мамандарын даярлау бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді қатысуды жалғастыруда. Үкімет тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Академия өзінің материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруі тиіс, бұл EASA сертификаттаудан өтіп, кадр даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Осы міндеттерді іске асыру аясында Академия:
Соңғы жылдары студенттер санын 15%-ға арттырды.
Түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейін 90%-ға жеткізді.
Оқу процесін автоматтандыру және қашықтықтан оқыту жүйесін дамыту арқылы цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатыр.
Ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласындағы 2 және 3 санаттағы мамандарды даярлау бойынша білім беру бағдарламасын іске қосты.
Халықаралық ұшу мектебін ашуға дайындық жүргізуде, бұл Қазақстанды аймақтағы пилоттар даярлау орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Азаматтық авиация академиясы Қазақстан авиациясының болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, саланы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуде. Біз мемлекет, сала және білім беру ұйымдарының бірлескен күш-жігерінің арқасында елдің азаматтық авиациясын жаңа биіктерге жеткізе алатынымызға сенімдіміз.