Белгілеген стипендияларды тағайындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 07 сәуірдегі N 136 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 03 мамырда N 6936 тіркелді

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын тағайындау туралы» 1993 жылғы 5 наурыздағы  № 1134 қаулысының 6-тармағын орындау үшін БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2005 жылғы 4 мамырдағы № 281 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3668 тіркелген, «Заң газетінің» 2005 жылғы 14 қазандағы № 190-191 (924-925) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М. Өмірбаев):
1) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.К. Орынхановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б. Жұмағұлов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 07 сәуірдегі
№ 136 бұйрығымен бекітілген

 Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесі

  1. Осы Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды тағайындау ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын тағайындау туралы» 1993 жылғы 5 наурыздағы № 1134 қаулысының 6-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендияларды (бұдан әрі – стипендия) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары оқу орындарының білім алушыларына тағайындау тәртібін айқындайды.
    2. Стипендия:
    1) студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға;
    2) анағұрлым талантты және дарынды студенттер мен магистранттарды қолдауға;
    3) интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.
    3. Стипендия санын жоғары оқу орындары арасында бөлу Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылардың контингентіне сәйкес жүзеге асырылады.
    4. Күндізгі оқыту нысаны бойынша білім алушылардың саны 700-ден кем студенті бар жоғары оқу орындарына стипендия бөлу жүзеге асырылмайды.
    5. Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап, магистранттарға – екінші оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге беріледі.
    6. Стипендия білім алушылардың мынадай санаттарына тағайындалады:
    1) республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалық авторлары;
    2) ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар;
    3) табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;
    4) білім беру ұйымының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.
    7. Стипендия ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен жүзеге асырылады.
    8. Стипендия бір академиялық кезеңге тағайындалады.
    9. Стипендия жоғары оқу орнының ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес бір тұлғаға бірнеше рет берілуі мүмкін.
    10. Кезекті академиялық кезеңге стипендияларды тағайындау жөніндегі жоғары оқу орны ғылыми кеңесінің шешімі академиялық кезең басталғанға дейін екі аптадан кешіктірілмей қабылданып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне магистранттар мен студенттердің тізімімен жіберілуі тиіс.
    11. Стипендияларды тағайындау кезінде үміткерлерді іріктеу осы Ереженің 5, 6 тармақтарында жазылған өлшемдер тәртібінде жүзеге асырылады. Тең жағдайда басымдық:
    жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
    бала жасынан мүгедектерге, мүгедек балаларға беріледі.
    12. Жоғары оқу орындарында стипендияны тағайындауға үміткер болмаған жағдайда осы Ереженің 5, 6 тармақтарына сәйкес жоғары оқу орындары белгілі стипендиялардың санынан бас тарту туралы ақпаратты академиялық кезең басталғанға дейін екі апта бұрын білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
    13. Стипендияларды төлеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттар шегінде ай сайын жүргізіледі.

 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің “Республикалық құқықтық ақпарат орталығы” ШЖҚ РМК