2025 жылдың желтоқсан айының 1-і күні педагогикалық шеберлік аясында «Авиациялық ағылшын тілі» кафедрасының «Қазақ тілі секциясы оқытушылары — ф.ғ.к., профессор Г.Қ. Тулекова, phd докторы, қауымдастырылған профессор А. М. Елубай, сеньор-лектор Н. Р. Суранчиева және сеньор-лектор М. М. Қондыбайдың ұйымдастыруымен «Қазақ тілі сабақтарында студенттердің тілдік дағдыларын арттыруға бағытталған заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық білім беру трансформациясы аясында жасанды интеллект құралдарын қолданудың мүмкіндіктері» атты семинар өткізілді. Семинардың негізгі мақсаты – қазақ тілі сабақтарында цифрлық трансформация үдерісіне сәйкестендірілген жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын тиімді енгізу және білім сапасын арттыруға бағытталған заманауи оқыту құралдарын пайдалану болды. Іс-шара барысында ААА профессоры, ф.ғ.к. Г. Тулекова білім беру үдерісіндегі жасанды интеллектінің рөлі, қазақ тілі сабақтарында қолдануға болатын ChatGPT, Google Gemini, Copilot, Quizlet AI, Kahoot AI сынды платформалардың мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ, дербестендірілген оқыту, грамматикалық қатені автоматты түзету, тапсырма генерациялау, айтылым, оқылым, жазылым және тыңдалым дағдыларын дамытуға арналған AI құралдарының тиімділігі көрсетілді. Қатысушыларға геймификацияланған оқыту әдістері, ЖИ арқылы жасалған «Сиқырлы кітапхана», «Принтер», «Қалаған есікті таңда», «Қазына аралы», «Жедел жауап», «Әуе шайқасы» сынды интерактивті әдістер ұсынылды. Семинарда бейнематериалдар көрсетіліп, «Еркін микрофон» форматында пікірталас ұйымдастырылды. Іс-шара жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне тиімді енгізудің маңыздылығын айқындап, қазақ тілін оқытудағы инновациялық тәсілдерді дамытуға мол мүмкіндік берді. Семинар соңында қатысушыларға сертификат табысталды.